Қазақ әдебиетінде
жыр дариясына айналған үлкен тақырып - Қарағанды. Оның мәнісі
- қай жағынан алсақ та, Қарағанды – Қазақстанның орталығы, жүрегі
болған.
Отызыншы жылдары қазақ совет әдебиетінде шахтер еңбегін кең көлемде
жырлау басталды. 1931-1932 жылдары жазушылар арнайы сапармен Қарағандыға
барды, онда кеншілердің өмірімен, тұрмысымен танысты.
Кеншілердің тауқыметті тұрмысы туралы Сәкен Сейфуллин,
Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ғабит
Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин,
Саттар Ерубаев, Әлжаппар Әбішев, Зейін Шашкин
шығармаларында кеңінен көрініс тапты. Сөйтіп, қазақ жерінің қазыналы
аймағының шежіресі іспеттес, "Оянған өлке", "Жат
қолында", "Менің құрдастарым", "Жас түлектер",
"Теміртау" тәрізді романдар жазылып, әдебиетіміздің
алтын қорынан орын алды.
Сарыарқаның өз перзенттері Қ.Аманжолов,
Ә.Әбішев, Қ.Сатыбалдин, Ж.Өмірбеков,
Ғ.Игенсартов, К.Мұқышев, М.Байсейітов,
С.Талжанов және басқалар көмірлі, егінді, малды құтты
өңірдің жаңа дәуірдегі жаңалықтарын, халықтар достығын өздерінің
шығармаларында жан-жақты бейнелеген.
1956 жылдан Қарағандыда Қазақстан жазушылар одағының облысаралық
бөлімшесі құрылды. Бөлімшенің жауапты хатшылығына Ж.Бектұров
тағайындалды. Осы кезең ішінде аймақтан елуден астам ақын-жазушы
Одақ мүшелігіне өтті. Бөлімше қамтыған өңірден әдебиетімізге Жезқазған
жақтан А.Жұмаділдин, А.Қаражігітов, Қарағандыдан
Е.Бөкетов, Ә.Әзиев. А.Сейдімбеков,
Ө.Ахметов, К.Сауғабаев, С.Ақсұңқарұлы
қосылды. Теміртаудан Ю.Герт, Д.Оськин, Л.Усова
сияқты орыс қаламгерлері шықты.
"Магнит", "Құрыш" (Теміртау қаласы), "Горизонт",
"Балауса", "Гренада" (КарМУ), "Арқа"
шығармашылық бірлестіктеріне топтасқан ақындар мен прозаиктер
жұртшылыққа таныла бастады.
Серік
Ақсұңқарұлы Сүлейменов (1950)
Арқаның ақиық ақыны Серік Ақсұңқарұлы 1950 жылы 29 наурыз күні
Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы "Қызыларай" сохозында
дүниеге келген. 1986 жылдан КСРО Жазушылар одағының мүшесі.
1974 жылдан баспасөз орындарында қызмет істеген: Ақтоғай "Арқа
еңбеккері", Талды аудандық "Шұғыла" газеттерінің
тілшісі, бөлім меңгерушісі, 1981-1989 жылдары Қарқаралы аудандық
"Коммунизм таңы" (қазіргі "Карқаралы") газетінің
бөлім меңгерушісі, одан кейін облыстық "Орталық Қазақстан",
1990 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы облысаралық бөлімшесінің
хатшысы. Ал 2000 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды
облыстық бөлімшесінің директоры болып тағайындалды. Шығармашылық
жастардың республикалық "Жігер" фестивалінің (1980 ж.)
лауреаты, Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиаты.
Серік Ақсұңқарұлы өлеңді 13 жасынан бастап жазған. Ол–бүгінде
әдеби орта мен қалың оқырманның ілтипат-құрметіне бөленген "Көктем
тынысы" ("Жазушы", 1975), "Қарлығаш"
("Жалын", 1977), "Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті"
("Жалын", 1984), "Жез тасқын" ("Жазушы",
1987), "Қызыларай" ("Жалын", 1990), "Ғасыр
кардиограммасы" ("Жазушы", 1990) "Адам ата-Һауа
ана" ("Қазақстан" 2000) жыр жинақтарының авторы.
Қасым
Рахымжанұлы Аманжолов (1911-1955)
Қасым Аманжолов 1911 жылы қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы
ауданындағы Қызыларай қыстауында дүниеге келген.
1931 жылдан бастап өлеңдері облыстық, республикалық газет, журналдарда
жириялана бастады. Тұңғыш жинағы 1939 жылы "Өмір сыны"
деген атпен жарық көрді.
1931-1941 жылдары "Лениншіл жас", Орал облыстық "Екпенді
құрылыс" газеттері редакцияларында, Орал облыстық театрында
жұмыс істеген.
Ұлы Отан соғысы кезінде Қ.Аманжоловтың ақындығы кемелденіп, шеберлігі
шындала түсті. Оның сол жылдары туған "Оралым", "Байқал",
"Мартбек", "Елге хат", "Ғалияға жауап",
"Үстімде сұр шинелім" және т.б. көптеген өлеңдері қазақ
совет патриоттық поэзиясы алтын қорынан орын алды.
Соғыстан кейін Қ.Аманжолов не бары он жыл өмір сүрді. Көркемдік
сапасы жоғары лирикалық өлеңдермен қатар "Боран", "Біздің
дастан", "Бикеш" тәрізді үлкен эпикалық поэмалар
жазды. Қ.Аманжолов ақындығымен қатар үлкен сазгер де болған. Оның
әнін өзі шығарған "Дариға сол қыз", "Туған жер",
т.б. шығармалары халықтың сүйікті әндеріне айналған. Қ.Аманжолов
қазақ әдебиетінде аударма жанрының дамуына зор үлес қосты. Ол
А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, А.Т.Твардовский, Г.Низами, Т.Г.Шевченко,
В.В.Маяковскийдің өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Қазақ поэзиясына
он буынды өлең түрін енгізіп, оны әбден тұрақтандырды.
Әлжаппар
Әбішев (1907-2001)
Қазақстанның халық жазушысы, драматург Ә.Әбішев 1907 жылы 15 қазанда
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында туған.
1925-34 жылдары сауатсыздықты жою курсының мұғалімі, шахтер, "Қарағанды
пролетариаты" (қазіргі "Орталық Қазақстан") газетінің
әдеби қызметкері, 1935-40 жылдары "Лениншіл жас" (қазіргі
"Жас алаш") газетінің бөлім меңгерушісі, "Әдебиет
және искусство" (қазіргі "Жұлдыз") журналының жауапты
хатшысы, редактордың орынбасары болды. Ә.Әбішев шығармашылығы
Қарағанды шахтерлерінің еңбектегі тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты.
"Завал" атты тұңғыш әңгімелер жинағы 1936 жылы жарық
көрді. Көптеген шығармалары "Жас түлектер", "Достық
пен махаббат", "Найзағай" және т.б. өлке тарихына
арналған. Халық композиторы Мәди Бәпиұлының өмірінен жазылған
"Найзағай" (1969) романы Ә.Әбішевтің әдебие туындыларының
шоқтығы болды. Жазушының шығармашылығында драматургия саласы орын
алды, ол 30-дан астам пьеса жазды. Олар республика театрларының
репертуарларынан көп жыл түспей келді. Кейінгі жылдары "Айтпай
кетті демеңдер", "Аманат" деген естеліктерін кейінгі
ұрпаққа өсиет ретінде жазып кетті.
Ә.Әбішев Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, "Құрмет Белгісі"
ордендерімен марапатталған. Ә.Әбішев 2001 жылы 94 жасында қайтыс
болды.
Жайық
Кәгенұлы Бектұров (1912-1998)
Жазушы Жайық Кәгенұлы Бектұров 1912 жылы 10 маусымда Ақмола облысы,
Целиноград ауданы, "Қызылағаш" ауылында туған. Ол саяси
қуғын-сүргін ауыртпашылықтарын басынан кешірген қазақ зиялысы.
1934 жылы Алматыдағы Жоғары коммунистік ауыл шаруашылығы мектебін,
ал 1955 жылы ҚазМУ-ді бітірген.
Ж.К.Бектұров 1932-1937 жылдары комсомол қызметінде болған, 1937-1938
жылдары республикалық "Лениншіл жас" газеті редакторының
орынбасары, 1937-1942 жылдары "Социалистік Қазақстан"
газетініде тілші, Жамбыл облыстық "Еңбек туы" газетінде
редактор болды. 1948-1950 жылдары Қарағанды, Талдықорған қалаларында
мектепте мұғалім, облыстық газеттерде жұмыс істеді. 1958 жылдан
ұзақ жылл Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облысаралық бөлімшесін
басқарды. Ж.К.Бектұров республиканың әдеби ортасында кеншілер
өлкесінің қалыптасуы мен дамуының, оның орталығы – Қарағандының
шежіресін жазушы ретінде белгілі.
Ж.К.Бектұровтың алғашқы әдеби сын мақалалары, эсселері, өлеңдері
1928 жылдан баспасөз беттерінде жариялана бастады. Көркем аударма
саласына да қалам тартты. Д.Дефо, А.Чапыгин, Л.Пантелеев, Д.Львович,
Ш.Петефи, Г.Серебрякова, Я.Гашек шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин, Г.Потанин, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов,
Ә.Ермеков, Ә.Марғұлан, т.б. туралы естеліктер, әдеби портреттер
жинағының авторы. XX ғасырдың 30 жылдарындағы саяси құғын-сүргін
шындығын ашып жазып, қоғамда әлеуметтік әділдік принципінің орнығуына
ықпал етті.
1998 жылы 26 наурызда сексен алты жасқа қараған шағында журналист,
жазушы, Қарағанды қаласының құрметті азаматы Ж.К.Бектұров өмірден
өтті.
Саттар
Асқарұлы Ерубаев (1914-1937)
Саттар Асқарұлы Ерубаев қазіргі Шымкент облысы, Түркістан ауданында
1914 жылы дүниеге келген.
С.А.Ерубаев 1933 жылы Ленинград философия, лингвистика және тарих
институтын бітірген. 1934-1935 жылдары "Қарағанды пролетариаты"
(қазіргі облыстық "Орталық Қазақстан") газеті редакторының
орынбасары. Қарағанды жұмысшы табының қалыптасуы жайындағы "Үш
шахтер туралы баллада", "Меруерт алқа" балладаларын,
“Бақыт”, “Өмір көркемдігі” новеллаларының авторы. “Менің құрдастарым”
романында Қазақстанның көмір орталығы Қарағандыны құрушы жастардың
тұрмысы мен еңбегін суреттейді.
С.Ерубаев М.Жанғожинмен бірігіп мектеп оқушыларына арналған қазақ
әдебиеті хрестоматиясын құрастырды. Сонымен қоса аудармашылықпен
де шұғылданған. Ол К.Чуковскийдің, Ю.Березиннің, А.Суриковтың,
И.Эренбургтің кейбір шығармаларын қазақ тіліне аударған. 1966
жылы Саттар Ерубаевқа Қазақстан Ленин комсомолы атындағы сыйлық
берілді. Түркістан қаласында Саттар мұражайы бар. Қарағандыда
Саттар Ерубаевтың аты мектепке, үлкен көшелердің біріне берілді
Апбаз
Баймендіұлы Қаражігітов (1923)
Апбаз Баймендіұлы Қаражігітов 1923 жылдың 15 наурызында Қарағанды
облысы Ұлытау ауданы Сарысу ауылында туған. 1953 жылы қазақ мемлекеттік
университетінің филология факультетін бітірген.
А.Б.Қаражігітов әуелде оқырман қауымға поэма, баллада және өлеңдерімен
танылып, кейіннен проза жанрына қалам тартып, өмірге айтарлықтай
тартымды шығармалар әкелген талантты жазушылардың бірі. Жазушының
"Ақмоншақ" ("Жалын" 1976) повесі мен әңгімелер
жинағы, "Шақпақ", "Әке дауысы" кітаптары,
"Майқоңыр" (1993) романы, "Қайран шеше" (1998)
повестері мен әңгімелері жарық көріп, оқырманнан өз бағасын алған
болатын. Әсіресе, жазушының "Әке дауысы" кітабы 1991
жылдың әдеби жыл қортындысында таңдаулы шығармалар қатарында аталып
жазушыға үлкен мерей әпергентін. "Баубек" атты пьесасы
үшін Қазақстан журналистер одағының сыйлығын алған.
Жазушы А.Қаражігітов шығармалары Жезқазған өңірінің кешегісі мен
бүгіні, алып өндіріс орындары мен ауыл тынысы, ондағы адамдардың
тағдыры, жасампаз істері хақында сыр шертеді. Қаламгер қандай
бір шығармасында болмасын адамгершілікті, достықты, махаббатты
биік ту етіп көтереді. Өмірде болған оқиға, құбылысты нақты, шынайы
қалпында көркемдік тәсілдер арқылы суреттеу–жазушының машықты
ісі.
А.Қаражігітов Жезқазған қаласының құрметті азаматы, Жазушылар
одағының қалалық бөлімшесінің төрағасы ретінде қоғамдық-көпшілік
шаралардың бел ортасында жүретін әлі де шығармашылық шабытты шағында.
Сапарғали
Ләмбеков (1936)
Жазушы Сапарғали Ләмбеков 1936 жылы 5 маусымда Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданының "Қайнарбұлақ" аулында туған. Мектеп
бітірген соң, "Қарқаралы" аудандық газет редакциясына
қызметке тұрған. С.Ләмбеков қызмет істей жүріп ҚазМУ-дың журналистика
факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны 1975 жылы бітірген.
С.Ләмбеков көп жыл бойы журналистика мен әдебиет саласында үздіксіз
еңбек етіп келе жатқан қаламгер. Оның шығармаларының басты тақырыбы
– туған өлкенің бай тарихы, ұлтымыздың мақтанышына айналған кешегі
атақты адамдарымыздың өнеге боларлық өмірі туралы. С.Ләмбековтың
республикалық баспалардан "Қарқаралы саздары" атты өлеңдер
жинағы, "Қыр қырандары" деген очерктер жинақтары, "Тайталас",
"Әке жолы", "Тәттімбет" романдары Қарағанды
шахтерлерінің өміріне арналған "Қатты қабат", Алаш азаматтары
туралы сыр шертетін "Арыстар" атты романдары жарыққа
шыққан.
Жазушы-журналист С.Ләмбеков ел құрметіне қапасыз бөленген жан.
Ол 1985 жылы "Еңбек ардагері" медалімен, 1986 жылы Қарағанды
облыстық Кеңесінің, Қазақстан журналистер одағының, 1987 КСРО
Мемлекеттік баспасөз Комитетінің, СОКП Орталық Комитетінің, ВЦСПС-тің,
БЛЖКО Орталық Комитеттің құрмет грамотасымен марапатталды.
1990 жылы "Кеңес баспасөзінің үздігі" омырау белгісін
алған, 1996 жылы Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты
атағына ие болған.
Жаппар
Ералыұлы Өмірбек (1920)
Ақын, Қарқаралы қаласының құрметті азаматы Жаппар Өмірбек 1920
жылы 20 қарашада Қарағанды облысың, Қарқаралы ауданының, Бесоба
аулында туған. 1939 жылға дейін Жамбыл атындағы орта мектепте
оқиды, 1942 жылы Қарағандының мұғалімдер институтын бітірген соң
Тельман ауданында мұғалім, мектеп директоры, республикалық "Социалистік
Қазақстан" газетінің меншікті тілшісі, 1947 жылы Қазақ мемлекеттік
университетін тамамдағаннан кейін, "Жұлдыз" журналында
бөлім меңгерушісі, 1982 жылдан бері шығармашылық жұмыста әрі еңбек
зейнеткері.
Ж.Өмірбектің "Батырдың қалындығы", "Ерлік пен махаббат",
"Қызыл су", "Тастүйін", "Көңілімнің құстары",
"Сөнбейтін шоқ" сияқты отыздан астам кітаптардың авторы.
Қаламгердің "Қызыл қырғын" атты кітабы өмірбаяндық сипаттағы
хикаяттардан құралған. Онда 1932 жылғы қазақ даласын жайлаған
аштықта ел-жұрттың басынан өткен ғаламат қиындықты, онда адамдардың
қалай қырылғанын өз көзімен көрген автор аяныш сезім, күйініш
көзімен суреттейді.
Ж.Өмірбек көркем аудармамен айналысқан, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов,
С.Я.Маршак, С.В.Михалков, А.Туманян, А.Л.Барто, Н.Бараташвили,
М.Жалил, Дж.Байрон, Г.Лонгфелло т.б. ақын-жазушыларының шығармаларын
қазақ тіліне аударған.
Қазір 1994 жылдан бері, Қазақстан Жазушылар одағының ардагерлер
кеңесін басқарады. Қарқаралы қаласының құрметті азаматы. Қазақ
әдебиетін дамытуға сіңірген еңбегі үшін екі мәрте Қазақ ССР-нің
Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Ақселеу
Сланұлы Сейдімбек (1942)
Ақселеу Сланұлы Сейдімбек Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына
қарасты Атасу ауылында 1942 жылдың 12 желтоқсанында дүниеге келген.
1959 жылы Жаңаарқа ауданының №1 қазақ орта мектебін бітірген соң,
комсомолдық жолдамамен, Қызылтау, Ақтау кеңшарының мал шаруашылығында
үш жыл еңбек етеді.
А.С.Сейдімбек 1961 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университетіне
(Алматыға) оқуға түсіп, 1968 жылы журналистика факультетін бітіріп
шықты. Университетте оқып жүріп, 1963-64 жылдары Троицк қаласында
әскери міндетін атқарып қайтады. 1968-1987 жылдары облыстық және
республикалық баспасөз орындарында әдебии қызметкер және меншікті
тілші ("Лениншіл жас" - қазіргі "Жас алаш"),
жауапты хатшы ("Орталық Қазақстан"), әдебиет және өнер
бөлімінің меңгерушісі ("Социалистік Қазақстан" - "Егемен
Қазақстан"), бас редактор ("Білім және Еңбек" -
"Зерде" журналы "Әлем" алманағы) болып қызмет
атқарды.
Баспасөз беттеріндегі мақалаларына қоса, бұл жылдары А.С.Сейдімбектің
әңгімелері мен повестері "Ақиық" (1972), "Қыр хикаялары"
(1977), "Тауға біткен жалбыз" (1979), "Аққыз"
(1981) деген атпен, очерктері "Кеніш" (1979), "Серпер"
(1982) деген атпен жеке кітап болып жарық көреді. 1981 жылы "Күңгір-күңгір
күмбезедер" ғылыми-көпшілік кітабы, "Қазақ әлемі"
(1997), "Елтұтқа" (2001), "Қазақтың күй өнері"
(2002) жарық көрді.
Гомердің әйгілі "Илиада", "Одиссея" (1974)
поэмаларымен қазақ оқырмандары А.Сейдімбектің аудармасы арқылы
танысты. "Алпамыс" (1979) эпосын қара сөзбен жазып шықты.