Әулие Атабек туралы аңыз
Балқаш қаласының оңтүстік шығысында 60 шақырым жерде Әулиетау
деп аталатын тау бар, жергілікті халық оны Бектауата
деп атайды. Халық аңызы бойынша: Қасиетті Атабек өткен ғасырларда
өмір сүріпті. Ол бірде шапқыншылық кезінде жаудан қашып келіп,
осындағы ең үлкен үңгірге тығылады. Сол кезде Алланың әмірімен
үңгір ішінде су қайнары пайда болыпты. Таудың 80 метр биіктігі
үңгірінде тығылып жатқан Атабекті шапқыншылар таба алмапты. Содан
бұл жерді Әулие деп атайды. Әулиетау деп аталуы – тауға сыйыну,
табынумен байланысты қойылса керек.
Әулиенің басына келіп, тәуіп етіп, түнейтіндер көп. Оның суы көптеген
ауруларға ем. Келгендер ақтық байлайды, басына мал шалады. Шипалы
суынан ішеді. Әсіресе, бала көтермеген әйелдер жиі келіп түнейді.
Бектауата "қасиетті", "әулие", "киелі
Бектау" деген мәнді аңғартады.
Балқаш көлі туралы
аңыз
Көлдің қазіргі атауына байланысты халық ішінде бұрыннан айтылып
келе жатқан аңыз бар. Бұдан көп ғасырлар бұрын көлдің батыс жағалауын
бір бай мекендеген екен. Оның Балқия атты аса көрікті қызы болыпты.
Ол тек көркімен ғана емес, ақылымен де, адамгершілігімен де ел
ауызына ілігіпті. Сүйікті қызды әкесі ғана емес, бүкіл жұрт еркелетіп
Балқаш деп атайтын болыпты.
Жасы он жетіге толғанда Балқия алыс елден келген Ерден атты бір
жас жігітке ғашық болады. Алайда қазақтың көне әдет-ғұрпы бойынша
ата-анасы қызды бала күнінде атастырып, қалың мал алып қойған
екен. Мұны естіп-білген қыз бен жігіт жасырын қашпақ болып келіседі
де, бір ыңғайлы келген түнде екеуі екі атқа мініп тайып отырады.
Ертесіне екі ғашық бір қалың қамыстың ішіне келіп дем алуға тоқтайды.
Мұнда олар ойламаған жерден қырсыққа тап болады. Тал түсте аттарына
қамыс ішіндегі қабандар тап береді. Ерден аттарды құтқарам деп
жүргенде, қабанның азу тісі денесіне оңдырмай ауыр жарақат салады.
Балқияның сүйікті жігітін өлімнен арашалап қалуға шамасы келмейді
де асыл жарын жерлеп, өзіде сол жерде өлмек болады. Ал бұл кезде
қабаннан үркіп қашқан екі ат қыз бен жігіттің туған ауылына келіп
бір-ақ тоқтайды. Ыза болған қыздың әкесі жігіттерге қашқындарды
ұстап әкелуге әмір береді және оларды халық алдында қарабет қылып
жазаламақ болады. Қашқындарды іздеп шыққан жігіттер ат тұяғының
ізімен жүріп отырып, қыздың тығылған жерін табады. Қуғыншыларды
көрген соң, әкесінің қатал мінезін жақсы білетін Балқия, қолға
түскеннен өлімді артық көріп, биік жардан көлге бір-ақ секіреді
де су түбіне кетеді.
Бұл ауыр оқиға, трагедия сол маңдағы елге түгел жайылып, бұдан
былайға жерде көлді өздері еркелетіп айтатын, сүйікті жас арудың
атымен халық Балқаш деп атап кеткен екен.
Қарқаралы туралы аңыз
Қарқаралының тарихы қазақтың ауыз әдебиетімен тығыз байланысты.
Оның Қарқаралы аталуын "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырымен
байланыстырады. Жанақ ақын жырлағандай:
"Қыз берген қарқарасы түсіп қалып,
Тау атын Қарқаралы қоя сапты" деген аңыз бар.
Шайтанкөл туралы аңыз
Бұл көл алғашқы кезде "Әулие көл" атанған. Баяғыда бұл
көлді әулие мекендеген, суына беті-қолын жуған деп жұрт киелі
су санапты. Жұма сайын қожа-молдалар бастаған байлар келген екен.
Жағасында құдайға арнап мал сойып, құран оқысады. Шаншар ішінде
Торсықбай дейтін қу болған. Бірде сол әлгіндей топтық үстінен
шығады, құрбанға шалынған малдың мол етінен қарбыта асап, сары
қымыздан сылқыта жұтармын деп жұтынады. Бірақ жуандар жыртық шапанды
кедейді табаққа жолатпайды. Бұған қорланған қу ішінен "тұра
тұрыңдар, бәлем!" деп кете барады.
Бір күні әлгілер көлдің басына тағы жиналады. Шартық қарын шүй
желкелер мол табақты алдарына енді ала бергенде жақын жерден үрейлі
үн шығады. Артынша тастардың бірінен сақалы сала құлаш, шашы жалбыраған
бір мақұлық селтиіп шыға келеді. Үрейі ұшқан қожа-молдалар күбірлеп
дұға оқиды, бірақ әлгі пәле тайсалмайды, дауысын құбылтып, құтырынып
жақындай береді. Сол кезде қатты үрейі ұшқан бір бай орнынан ұшып
тұрып, көзі алақтап:
– Ойбай, шайтан! – деп төмен қарай зыта жөнеледі. Қорқып
отырған жұрт орындарынан қопарыла тұрып, тым-тырақай қашады. Оларды
шайтан боп үркітіп жүрген Торсықбай ешкі терісінен жасаған кепті
шешіп тастап, "пісмілда" деп, жайрап қалған асты қолға
алады. Содан бері Әулиекөл осылай Шайтанкөл болып аталып кетіпті.
Қызыл кеніш сарайы туралы аңыз
Бағзы бір заманда Әуке және Қонтажы деген екі хан өмір сүріпті.
Әукенің Нежде деген сұлу қызы болған. Қонтажы болса соған ғашық.
Көп кешікпей олар құда түсуге қам жасайды. Базарлықтарын артып
алып, керуен жолға шығады. Қонтажы өте бай болған. Әуке хан онымен
құда болатынына өте қуанады. Көп кешікпей Нежде өзінің туған үйінен
бірінші рет алыс сапарға шықты. Бас аяғы елу түйеге жүк артылып,
сексен адам керуен құрамына енді. Олармен қоса бір қазақ, бір
қалмақ батырын жібереді.
Олар Кент тауының бауырына келгенде күн суытып, боран соғады.
Батырлар тоңғаннан кейін бір-бірімен күресуге бел байлайды. Олар
ұзақ алысып, ақырында қазақ батыры қалмақтың белін сындырады.
Мұны көрген хан қызы ашуға мінеді. Бірақ ол көп кешікпей, қазақ
батырына көңілін білдірді. Одан соң хан қызы бұдан әрі бармаймыз,
осы жерде қыстаймыз дейді. Оның сөзін екі етпейтін керуен мүшелері
сарай салу қамына кірісті. Сарай құрылысы басталып оны қызыл граниттен
салған. Сондықтан, оны қызыл - Кеніш деп атау ұйғарылды. Қызыл
кеніш туралы аңыздың бірнеше түрлері бар.
Аппақ Байжанов туралы аңыз
Қарағанды
көмір кенішін алғаш ашушы Аппақ Байжанов, ол 1833 жылы Нұра өзенінен
оңтүстікке қарай Қарағандыбасы деген жерде тас көмір кесектерін
табады.
Ел ауызындағы аңызға қарағанда, Қазіргі Қарағандыдағы Ескі қаланың
орнында қалы қараған өседі екен. Сол қарағанның ішінде соңында
екі тазысы бар Аппақ деген бір байдың қойшысы қой жайып жүреді.
Бір кезде қойдың бір шеті дүр ете қалады. Жалт қараса бір суыр
қашып бара жатыр екен. Тазылар тұра бастыртады, бірақ, суырдың
іні таяу екен, ініне қояды да кетеді. Ол күнү–күн кешкіріп қалғандықтан
Аппақ суырдың інінің аузын таспен бекітіп кетеді. Келесі күні
ерте келіп, суырды інінен қазып алады. Сол күні ін түбінен көмір
шыққан екен дейді. Әуелде Аппақ оның не екенін білмейді… Қара
бояу ма деп ойлайды. Бірсыпырасын үйіне алып келіп жүн бояп көреді.
Жүнді тек кірлеткені болмаса жүнге бояу болып қаппайды. Содан
ауыл ақсақалдарына көрсетеді. Олар да шеше алмайды. Бір күні кешкілікте
тезектің маздап жанған отын айнала қоршап отырғандар тағы да сарапқа
салады.
– Бірақ бұл алтын да емес, күміс те емес, жез де емес, ал
жәй тас та емес. Не екенін "бір Алла" өзі білсін, -
деп отырғанда, бір тас отқа түсіп кетеді. Ол жана бастайды.
Отырғандар: – Тас жанып жатыр, тас жанып жатыр! - деп шу ете калысады.
Басқалар қолындағы тастарын отқа салады, әлгі тас онан сайын қыза
жанады. Сол жерде "бұл жәй тас емес", "Жанатын
тас" болды деседі. Ертеңінде-ақ сол "Жанатын тас"
туралы хабар жоғарғы жерге жеткен екен. Сол тасты тапқан Аппақты
бір төре іздеп келген дейді. Аппақ әлгі төреге тасты тапқан жерін
көрсетеді. Ол үшін Аппаққа ат тұяғындай алтын, қой тұяғындай күміс
берген екен. Карағандыдағы тұңғыш рет ашылған "Қаразабой"
деген шахта сол Аппақтың көмірін тапқан жерінен ашылған дейді.